Басыңа күн туғанда, нені есте сақтау керек Әр адам басынан қиын күндер өтеді. Бәріміздің де сүрінген кездеріміз баршылық. Дегенмен, кей адамдар тағдыр сынағанда морт сынады. Бір құлағанды енді тұрмастай көреді. Ал, кейбірі алға талпына береді. Олардың құпиясын білгіңіз келе ме? Профессор Кэрол Морган мұның бәрі адамның ниетінен дейді. 1. Барды бар, жоқты жоқ деу керек. Будданың мынандай сөзі бар: «Сіздің басыңыздағы қайғы қолда бар нәрсеге қарсылықтан туған». Осыны бір минут ойланып көріңізші. Яғни, қайғы – болып жатқан жағдайды қабылдамағаннан туады екен. Егерде өзгерте алатын жағдай болса, шара қолданыңыз. Өзгерте алмасаңыз, сізге таңдауға екі жол қалады: жағдайды қабылдап, жамандықты еркіне жіберу немесе ұзақ-ұзақ, қатты күйзеле қайғыру. 2. Проблеманы проблема дегенде ғана ол проблемаға айналады. Көбіне өзімізге өзіміз қас дұшпан боп аламыз. Бақыт шын мәнінде әр адамның көзқарасына қатысты бақ. Егер әр жағдайды проблема деп қарастырсаңыз, онда көңіл күй болмайды, ойыңыздың бәрі жаманатпен ұштасып жатады. Бұл қиындықтан қандай сабақ алуға болатынын ойлаңыз. Сонда ол аяқ астынан проблема болмай қалады. 3. Егер болып жатқан жағдайды өзгерткіңіз келсе, онда алдымен өзіңізді өзгертіңіз. Сыртқы әлемдегі жағдаяттар ішкі жан дүниеңіздің айнасы. Өмірі хаос пен күйзеліске айналған адамдарды танитын шығарсыз, солай ма? Олар қиындыққа кездейсоқ тап болды деп ойлаған оңай ма? Сыртқы әлем бізді өзгертеді дегенге сенгіміз келіп тұрады. Ал, шын мәнінде бәрі керісінше: адам өзін өзгертсе ғана айналадағы жағдай өзгере бастайды. 4. «Сәтсіздік» деген ұғым жоқ — сабақ алу мүмкіндігі ғана бар. Лексиконыңыздан «жол болмау» деген сөзді алып тастай салыңыз. Ұлы адамдардың бәрі сүрінген, құлаған. Үздіксіз жеңілістен сынбаған соң жетістікке жеткен. Томас Эдисон былай деген: «Мен ләмпішке жасау кезінде сәтсіздікке ұшырамадым. Мен тек оның қалай жұмыс істейтіндігінің 99 амалын қарастырып көрдім». Сәтсіздік деп аталатын сабақтардан ой түйіп үйреніңіз. Келесі рет бұл жолғыдан қалай артық жасауға болатынын біліп жүресіз. 5. Егер қалауыңыз орындалмаса, онда оданда артығы таяп келеді деген сөз. Мұндайға көп адам сенбейді. Білем. Бірақ бұл шындық. Өмір жолыңызға кері бұрылып қарасаңыз, жақсылықтың бәрі мүмкіндік уысыңнан шығып кеткен кезде орындалғанын байқайсың. Бәлкім, сол кезде тұрғыңыз келген жұмыс отбасыңыздан алыстатар ма еді, қазіргісі оданда артық болғанын түсінесіз. Бәрі қалай болу керек болса, солай болып жатқанына сеніңіз. 6. Осы сәтті бағала. Бұл сәт екінші қайталанбайды. Өмірдің әр сәті ерекше. Жаныңыздан байқаусыз өтіп кетпесін. Сәлден соң бәрі естелік боп қалады. Бүгін бақытты болып көрінбеген мезетті де сағынатын боласыз. 7. Тілектеріңізді еркіне жіберіңіз. Көп адам «байлаулы ақылмен» өмір сүреді. Өз тілегіне көп мән береді. Ойы іске аспай қалса, күйзеліске түсіп кетеді. Оданда «оқшау ақылды» қолданып көріңіз: егер бірдеңе қаласаңыз, ол тілегіңіз орындалса да, орындалмаса да бақытты болам деп түйіңіз. Мұндай кезде көңіл күй орташа болады. Артық-кеміне ренжімейсіз. 8. Қорқынышыңды түсін. Үрейге алғыс білдір. Қорқыныш – ең мықты ұстаз. Қорқынышты еңсеру жеңіске жеткізеді. Мәселен, мен колледжде оқығанымда ортаға шығып, сөз сөйлеуден қорқатынмын. Бірақ қазір күн сайын студенттердің ортасына шығып сабақ беретінім бір бөлек, оған қоса мен оларды шешендік өнерге баулимын. Қорқынышты еңсеруге тәжірибе керек. Қорқыныш – бұл бар болғаны елес қана. 9. Қуанышты сезінуге рұқсат етіңіз. Өзіне қуануға рұқсат ете алмайтын біраз адамды білем. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де сол. Бақытты болудың не екенін де білмейді. Ішкі күйзелісі мен проблемаға тәуелділігі сонша, жаманатсыз өмірді елестете алмайды. Бақытты болу үшін де рұқсат беру керек. Тым құрымағанда өзіңізге бір сәттік бақытты қиыңыз. Назарыңызды қуанышқа түсіріңіз. Қиындықты ұмыта тұрыңыз. 10. Өзіңізді өзгемен салыстырмаңыз. Салыстыра қалсаңыз, сізден де нашар күн көріп жүргендермен салыстырыңыз. Жұмыссыз ба? Жұмысыңыздың барына шүкір етіңіз. Әлемдегі миллиондаған адам тақыр кедейлікте өмір сүріп жатыр. Қас сұлу емессіз бе? Сұлулар көп емес. Айнаға дұрыстап қарасаңыз, өзіңіз де өте тартымды екеніңізді байқайсыз. Басымдықты өз сұлулығыңызға түсіріңіз. 11. Сіз құрбандық емессіз. Сіз тек өз ойыңыздың, сөзіңіздің, әрекетіңіздің құрбанысыз. Ешкім әдейілеп жамандық, не сізге қарсы ештеңе істемейді. Сіздік тәжірибені өзіңіз ғана қалыптастырасыз. Жауапкершілік алып, бұл қиындықты мен жеңемін деп айтып үйреніңіз. Ой мен әрекетті өзгертіп дағдылансаңыз жеткілікті. Құрбан бола беруден бас тартыңыз, жеңімпаз болып үйреніңіз. 12. Бәрі өзгермелі әрі өзгереді. «Бұл да өтеді-кетеді» — менің ең жақсы көретін ережем. Жамандық иықтан басқан кезде осынау шырғалаңнан шығатын жол жоқтай көрінеді. Енді ештеңе өзгермейтіндей. Алайда, өзгеріс аяқ астынан. Ештеңе де мәңгілік емес. Ажал ғана мәңгілік. Бәрі бітті деп ойламаңыз. Дегенмен, жағдайды өзгертуге ықпал етіңіз. Ол өздігінен өзгере салмайтыны қаперде болсын. 13. Бәрі мүмкін. Ғажайып деген күн сайын боп жатыр. Рас айтам. Бір мақалада бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Обырдың төртінші стадиясынан жазылып кеткен, өзінің сүйіктісін кездейсоқ жолықтырған таныстарым бар. Мұндай құбылыстар үздіксіз боп жатады. Бір рет сенсеңіз, бұл майданда да жеңіп шығасыз. Аударған Шынар Әбілдә