Илон Масктің Мәскеуге сапары... 2001 жылы Илон Маск баллистикалық зымыран сатып алу үшін Ресейге ұшып барады. Ол тұста Масктың Марсты бағындыру туралы мақсаты болғанмен, нақты жоба-жоспары айқындалмаған, қазіргі атақ-даңқы дүркіреген компаниялары құрыла қоймаған кез-тін. Орыстан зымыран алып, соның көмегімен Қызыл ғаламшарды игеруді көздеген Маск Мәскеуге астыртын келеді. Ол тұста Ресейдің ғарыш кешені талан-таражға түсіп, ғарыш техникалары оңды-солды саудаланып жатқан. Орыс генералдары бір-бір зымыранды астарына басып, алушысы табылса сатып жіберуге сақадай-сай отырған. Маск Мәскеуге жалғыз келмейді. Жора-жолдасын, бір-екі физикті ерте келеді. "Чё та...шаршаңқысыңдар ғой? Түрлерің тозыңқырап тұр екен. Ракетаны құдай алмас. Әңгімені ертеңге қалдырайық. Азанмен алып кетемін. Жуынып-шайынып әзір отырыңдар", - дейді Масктің командасын әуежайдан күтіп алған былғары күртешедегі бұжыр бет орыс. Сөй дейді де америкалық меймандарды қонақ-үйге жеткізіп тастайды. Таң атады. Тоғыз, он, он бір...Анау әлі жоқ. Маск мазасыздана бастайды. Күн тас төбеге көтерілгенде көзі күп боп ісіген бұжыр бет есік қағады. Кешегі уәдесін естен шығарған. Қонақтарды сарылтып күттіріп қойғаны қаперіне де кірмеген секілді. "Ал, жүрейік..." дейді беті бүлк етпей. Масктің командасын мықты мейрамханада күтеді. Арақ-шарап суша ағады. Үстел сіресіп тұр. Күллі орыс халқының аузынан жырылған ен байлық осы дастарханнан табылғандай әсер қалдырады Маскке. Алдымен балалары үшін ішеді. Артынан қатындары үшін алып қояды. Келмеске кеткен коммунизм үшін көтереді. Қуыс кеуде, көлгір сөз, зая кеткен алтын уақыт... Илонның төзімі таусыла бастайды. "Fuck! Fuck! Бұл неткен таусылмайтын тост? Бұл неткен түбі көрінбейтін тілек? Іске қашан кірісеміз, іске?" - деп кіжінеді іштей. Сөйтеді де іргесіндегі бір қасық икраны қотара салып көкіп отырған дөкейді бүйірінен түртеді: - Кешіріңіз, келіссөзді қашан бастаймыз? - Өй, келіссөзіңді қоя тұр! Әлі космос үшін көтеруіміз керек! - дейді әлгі дөкей. Космос үшін! Америка үшін! тосттар көтеріліп, тілек айтылады. Мәскеуге өзімен бірге 20 млн долларды арқалай келген Маск тағаты таусылады осы сәтте. "Маған зымыран керек, зымыран. Ішіп-тышу үшін келгем жоқ. Бір ракетаның құны қанша? Қаншаға бағалайсыздар?" дейді төтесінен. Әлгінде ғана көзі кілегейленіп, тілін шайнап әзер отырған орыстар есін жиып алады. - Саған керегі үш зымыран ба? Әрқайсысы сегіз миллион. Әлбетте доллармен... - Қымбат, - дейді Маск. - Қымбат дәнеңесі жоқ. Дастарханнан дәм таттың. Сырластық. Мұңдастық. Саудаласпай-ақ сұраған бағамызға ал, брат... - дейді. Сөздері төбеден түскендей, әлгіндегі сыйластықтың табы да жоқ. Орыстың ойы Масктың қалтасын қағу. Араққа сылқитып, құжатқа қол қойғызып, ертең-ақ ақау шығатын зымырандарды өз бағасынан асырып сату-тұғын. "Америкалықтың бәрі ақымақ..." деп ойлайтын олар. Алайда Илон ақымақ емес-тін. Осы отырыста орысқа сенуге, орыспен бизнес жүргізуге болмасына көзі жетеді. Ақыр соңы "көрмегенім орыс болсын" дейді де есікті тарс жауып шығып кетеді. Таксиге отырып, тікелей әуежайға тартады. Масктің қалтасы көтерерлік ракеталар Ресейде ғана бар. Ал орыстың түрі анау... Ұшақта Масктің командасы ұнжырғасы түсіп, үн-түнсіз отырады. Марсқа ұшу туралы идея әлгіндегі арақтың буымен бірге ауаға сіңіп жоғалуға шақ тұр. Қайтпек керек? Не істемек? Маск мен Марстің жолы екі айырыла ма? Жоқ. Масктің мінезі сондай жеңілуді білмейді. Ұшаққа отыра сала ноутбуктан бас көтермеген Илон әлден уақытта командасына сол екі ортада сызып шыққан кестені көрсетеді. "Сол зымырандарды өзіміз-ақ құрастырып шығамыз. Мен оның амалын таптым" - дейді Маск аңтарылған командасына қарап. Жерден әуеге көтерілгенге дейінгі аралықта ракета құрастырудың алгоритмін сызып үлгерген Маск Ресейдің алдындағы кіріптарлықтан осылайша құтылады. Маск негізін қалаған SpaceX компаниясының тарихы осыдан басталған. "Ғарыш технологияларын жетілдірген сайын жауларымның қатары толығып жатыр. Менің көзімді құртқысы келетін топтар, тіпті тұтас мемлекеттер бар. Отбасым, орыстар менің түбіме жетеді деп қауіптенеді. Олар ғарыш саласында АҚШ-тың аты озғанын қаламайды. Олар жаһандық, адамзаттық категориямен ойламайды...", - дейді Илонның өзі. "Илон Маск. Tesla, SpaceX және болашаққа бастар жол" еңбегінен Аударған Думан Бықай Кітаптың электронды нұсқасын осы постққа салдық.

Теги других блогов: космос Илон Маск Мәскеу